
Менің ойымша, жаңа Конституциядағы ең маңызды қағидалардың бірі – еліміздің егемендігі, тәуелсіздігі, бірлігі және аумақтық тұтастығы туралы нормалардың бекітілуі. Бұл Қазақстанның дербес әрі тұрақты мемлекет екенін айқын көрсетеді. Тәуелсіздік – халқымыздың ғасырлар бойғы арманы мен күресінің нәтижесі. Сондықтан оны сақтау, нығайту және келер ұрпаққа аман жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Тәуелсіз мемлекет болу – елдің өз бағытын өзі айқындап, ішкі және сыртқы саясатын дербес жүргізуі деген сөз. Бұл мемлекетке өзінің ұлттық мүддесін қорғап, экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамудың өз жолын таңдауға мүмкіндік береді. Осындай маңызды қағидалардың Конституцияда нақты бекітілуі еліміздің болашағына деген сенімді арттырады.
Ел бірлігі – қоғамдағы татулық пен тұрақтылықтың негізі. Қазақстан – түрлі ұлт пен мәдениет өкілдері бейбіт өмір сүріп жатқан мемлекет. Халық арасындағы өзара сыйластық пен келісім елдің дамуына, қоғамдағы тұрақтылықтың сақталуына үлкен әсер етеді. Бірлік бар жерде – береке бар. Сондықтан ел ішіндегі ынтымақ пен өзара түсіністікті сақтау әрбір азаматтың жауапкершілігі.
Ал аумақтық тұтастық – кез келген мемлекет үшін аса маңызды құндылықтардың бірі. Конституцияда Қазақстан жерінің біртұтас әрі бөлінбейтін екені нақты көрсетілген. Бұл – еліміздің шекарасы мен аумағының қол сұғылмайтынын білдіреді. Мұндай қағидалардың негізгі заңда бекітілуі мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған.
Сонымен қатар мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығы да елдегі тәртіп пен дамудың маңызды кепілі болып табылады. Тиімді әрі әділ басқару жүйесі қоғамдағы заң үстемдігін қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде халықтың мемлекетке деген сенімін арттырады.
Конституция – әрбір азаматқа қатысты ең басты құжат. Онда біздің құқықтарымыз бен міндеттеріміз айқын көрсетілген. Сонымен қатар мемлекет тарапынан берілетін негізгі кепілдіктер де осы құжатта белгіленген. Сондықтан Конституцияны мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастың басты негізі деп айтуға болады.
Бүгінгі таңда елімізде жүргізіліп жатқан реформалар мен өзгерістер де Конституцияның қағидаттарына сүйенеді. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – қоғамды дамыту, азаматтардың әл-ауқатын арттыру және әділетті, ашық мемлекет құру.
Сондықтан әрбір азамат Конституцияның мәні мен маңызын түсініп, ел болашағына бейжай қарамауы тиіс. Тек бірлік, жауапкершілік және ортақ мақсат арқылы біз тәуелсіз еліміздің тұрақты дамуына өз үлесімізді қоса аламыз.
Бибігүл Рақымжанова,
“Андықожа батыр ауылының ЖОББМ” КММ
Кәсіподақ ұйымының төрайымы.
