2026 жылдың 16 ақпаны мен 4 наурызы аралығында жүргізілген қоғамдық пікір сауалнамасының нәтижелеріне сәйкес, Қазақстан халқы конституциялық реформаны талқылау процесінен жоғары деңгейде хабардар және оны талқылауға белсенді қатысып отыр. Зерттеу 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қалада тұратын 18 жастан асқан 8 000 респондентті қамтыды.
Сауалнамаға қатысқандардың жартысынан көбі (67,1%) жаңа Конституция жобасының мазмұнымен толық немесе ішінара таныс екенін айтқан. 27,3%-ы жаңа Конституция жобасы талқыланып жатқанын естігенін жеткізген.
Респонденттердің басым бөлігі (90,9%) жаңа Конституцияны қабылдауды қолдайтынын білдірген. Олардың ішінде 67,1% – толық қолдайды, ал тағы 23,8% – көбіне қолдайды.
Жаңа Конституция жобасындағы жекелеген ережелердің ішінде қоғамның негізгі құндылықтарын нығайтуға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған нормалар ең жоғары қолдауға ие болып отыр. Атап айтқанда:
· табиғатқа ұқыпты қарау қағидатын бекіту – 95,0%;
· мәдениет, білім, ғылым және инновация құндылықтарын бекіту – 91,6%;
· цифрлық ортада азаматтардың дербес деректерін қорғау – 89,9%;
· некені ер мен әйел арасындағы ерікті әрі тең құқықты одақ ретінде айқындау – 86,7%.
Конституциялық реформа көбіне бейресми ортада талқыланады: отбасы мүшелері арасында (40,1%), достар мен таныстар арасында (29,9%), әріптестер арасында (24,2%).
Жаңа Конституция туралы өз пікірін қалыптастыру барысында азаматтар көбінесе осы саладағы мамандарға, яғни заңгерлерге, сарапшылар қауымдастығына, оның ішінде саясаттанушыларға, әлеуметтанушылар мен аналитиктерге, журналистерге, азаматтық қоғам өкілдеріне, сондай-ақ депутаттар мен мемлекеттік қайраткерлерге сенім артады.
2026 жылдың 15 наурызына белгіленген республикалық референдум қарсаңында халықтың электоралдық белсенділігінің жоғары екені анықталып отыр. «Еліміздің жаңа Конституциясын қабылдау бойынша республикалық референдум 2026 жылдың 15 наурызында өтеді. Айтыңызшы, сіз референдумға барып, дауыс бересіз бе?» деген сұраққа респонденттердің 74,8%-ы дауыс беруге қатысуға ниетті екенін мәлімдеген.
Дауыс беруге қатысуды жоспарлап отырғандардың ішінде «Егер Сіз жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдумға қатыссаңыз, қалай дауыс беруді жоспарлап отырсыз?» деген сұраққа респонденттердің 90,9%-ы жаңа Конституцияны қабылдауды «ҚОЛДАЙМЫН» деп жауап беретінін айтқан. Жаңа Конституцияға қарсы екенін білдіргендер саны небәрі 4,6%. Сондай-ақ респонденттердің аз ғана бөлігі (4,5%) әлі де өздерінің соңғы таңдауын жасамаған.
Азаматтар үшін Референдум туралы негізгі ақпарат көздері цифрлық медиа мен дәстүрлі БАҚ болып табылады. Сауалнамаға қатысқандар көбінесе ақпаратты әлеуметтік желілердегі жазбалардан (34,8%), интернет-БАҚ жаңалықтарынан (32,1%) және теледидар жаңалықтарынан (30,6%) алады. Әр бесінші респондент әлеуметтік желілердегі қысқа видеоларды атап өтті.
Алынған деректер халықтың азаматтық белсенділігінің жоғары екенін және олардың елдегі маңызды мемлекеттік үдерістерге қызығушылық танытып отырғанын көрсетеді. Респонденттердің басым бөлігі жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысында қарапайым азаматтардың пікірі ескерілді деп есептейді.
Әлеуметтік сауалнама 2026 жылдың 16 ақпаны мен 4 наурызы аралығында Демократия институтының жеке қаражаты есебінен жүргізілді. Іріктеме репрезентативті. Іріктелген жиынтық көлемі 8 000 респондентті құрады. Зерттеуге 17 облыстан және республикалық маңызы бар 3 қаладан (Астана, Алматы және Шымкент) 18 жастан асқан азаматтар қатысты. Статистикалық қателік +-3,02% құрайды. Сауалнама Орталық сайлау комиссиясының жазбаша хабарламасымен жүргізілді.
https://instdem.kz/page125079673.html
