Конституциядағы негізгі өзгерістер туралы ақпараттық-түсіндіру кездесуі

24 ақпанда аудандық Мәдениет үйінде облыстық ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің қатысуымен Жаңа Конституция жобасындағы негізгі жаңалықтар мен ұсынылатын өзгерістерді талқылауға арналған кездесу өтті. Іс-шараның мақсаты – қатысушыларды жобаның негізгі ережелерімен және оның әрбір азамат үшін маңызымен жан-жақты таныстыру болды.

Облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының құрамына Ақмола облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Қабдуәли Құлышев пен облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов кірді.

Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Ерсайын Сабыров, Қоғамдық кеңесінің төрайымы Ақмарал Кенжебаева, аудандық мәслихат төрайымы Нұргүл Қуатова, аудан прокуроры Әнуар Құлышев, бөлім басшылары және әртүрлі саладағы еңбек ұжымдарының өкілдері қатысты.

Кездесуді ашқан Қабдуәли Қабыкенұлы халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және ақпараттандыруға бағытталған осындай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті. Ол өз сөзінде:«Жаңа Конституция жобасын талқылау – елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды кезең. Бұл өзгерістер тек мемлекеттік құрылым негіздеріне ғана емес, әрбір азаматтың құқықтары мен міндеттеріне, сондай-ақ мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимыл қағидаттарына қатысты», — деп атап өтті.

Ермек Бекенұлы ұсынылып отырған өзгерістер туралы жан-жақты баяндап, конституциялық реформаның мақсаттары мен міндеттерін түсіндірді. Сондай-ақ әрбір тұрғынға тікелей қатысты негізгі жаңалықтарға тоқталды. Ол Жаңа Конституция жобасы демократиялық институттарды одан әрі дамытуға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және Қазақстанның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті.

Спикерлер ұсынылып отырған өзгерістер азаматтық қоғамның рөлін күшейтуге, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен айқындығын арттыруға, сондай-ақ халықтың құқықтық қорғалуын нығайтуға бағытталғанын айтты. Сонымен қатар жаңашылдықтардың азаматтардың күнделікті өміріне, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік саясат салаларына тигізетін әсері түсіндірілді.

Қоғамдық кеңесінің төрайымы, президиум мүшесі Ақмарал Нұрқанқызы кездесуге қатысушыларға алғыс айтып, азаматтарды алдағы референдумға қатысып, өздерінің азаматтық борыштарына жауапкершілікпен қарауға шақырды. «Референдумға қатысу – еліміздің болашағына деген жауапкершіліктің көрінісі», — деді ол.

Кездесу қатысушылары мұндай ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары азаматтардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға, құқықтық мәдениетін арттыруға және ел болашағына деген жауапкершілігін күшейтуге ықпал ететінін атап өтті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вам также может понравиться