
Мемлекеттік кеңесші Конституцияның 21-бабының 1 және 2 тармақтарында жеке өмірге қол сұқпау құқығына, жеке және отбасы құпиясының болу құқығына, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден және пайдаланудан қорғау құқығына заңмен кепілдік берілетінін айтты.
«Яғни, цифрлық кеңістікте жеке деректерді қорғауды адам құқықтарын қорғаудың жаңа өлшемі ретінде тұңғыш рет Конституцияда белгілеп отырған елдердің біріміз. Бұл – жаңа Конституцияның болашаққа бағытталғандығының тағы бір дәлелі», – деп нақтылап өтті ол.
Ерлан Қариннің айтуынша, аймақтың құқықтық жүйесіндегі үлкен жаңашылдық – әйгілі Миранда ережесінің конституциялық деңгейде бекітілуі. Бұл өзгеріс азаматтардың құқықтық тұрғыдан қорғалуын арттырып, құқық қорғау органдарының қызметіне жаңа талаптар қояды.
Сонымен қатар, жаңа саяси институттардың енгізілуі – Орталық Азия аймағы үшін ғана емес, жалпы айналамыздағы үлкен кеңістік үшін де саяси жаңашылдық болып саналады. Ерлан Қарин бұл тұрғыда бір палаталы парламент, вице-президент институты, «Халық кеңесі» жоғары консультативтік органы, Конституциялық соттың енгізілуі – көптеген елдердің саяси жүйесімен салыстырғанда, үлкен саяси инновациялық қадам екенін атап өтті.
