Ақмола облысында халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек көрсету және отбасыларды қолдау шаралары биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша жүйелі түрде жүзеге асуда. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сала мамандары нақты нәтижелермен бөлісті.
2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында облыста 21,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Оның 16,9 мыңы – тұрақты жұмыс орындары. Жұмыспен қамтудың негізгі бөлігі ұлттық жобалар мен мемлекеттік бастамалар есебінен жүзеге асқан.
Мемлекет басшысының «Әр 10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» бастамасы бойынша өңірде 7,6 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Әсіресе аграрлық сектор мен жастарды жұмыспен қамту бағыттары ерекше қарқын алған.
Жыл басынан бері 2 200-ден астам адам белсенді жұмыспен қамту шараларына тартылды. Олардың қатарында қоғамдық жұмыстарға қатысушылар, жастар тәжірибесіне жолданғандар, «Күміс жас» және «Бірінші жұмыс орны» жобаларының қатысушылары бар.
Әлеуметтік осал топтардың жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін биыл 170 грант бөлінген. Оның алғашқы легінде 84 грант иегеріне 128,2 млн теңге берілді.
Атбасар ауданында тұратын ІІ топ мүгедегі Нұрсара Рыскельдина құрақ көрпе тігу ісін қолға алса, Косшы қаласының көпбалалы тұрғыны Жазира Қалилаева кілем тоқу өндірісін дамытуды бастаған. Бұл жобалар тек табыс табу емес, сонымен қатар ауыл-аймақта жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өңірде 80-ге жуық бос орындар жәрмеңкесі өтті. Соның нәтижесінде жүздеген жас жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ 20 мыңнан астам мектеп оқушысы мен колледж студенті онлайн-курстардан өтіп, сертификат алды.
327 адам қайта даярлау курстарында аспаз, тігінші, дәнекерлеуші сияқты сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріп шықты.
Соңғы алты жылда облыста атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны айтарлықтай азайған – 9,9 мың отбасынан 1,8 мыңға дейін. Бұл еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамту шараларына белсенді тартудың нәтижесі.
Биылғы сегіз айдың ішінде 1 373 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Оның ішінде 4 180 бала бар.
Аймақта қазіргі таңда 9 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Олар азаматтарға жұмыспен қамту, білім, медицина, құқықтық көмек көрсету бойынша қызмет ұсынады. Жыл басынан бері орталықтар 1 100-ден астам азаматқа нақты көмек көрсеткен.
«Қарызсыз қоғам» жобасы да өңірде белсенді іске асырылып жатыр. Жыл басынан бері 10 мыңнан астам адам қаржылық сауаттылық курстарынан өткен. 400-ден аса азамат заңгерлік және қаржылық кеңес алып, қарыздарын қайта құрылымдауға немесе шағын бизнес ашуға мүмкіндік алған.
Жыл басынан бері облыста 335 отбасы қандас мәртебесін алды. Олардың басым бөлігі – Қытайдан қоныс аударған қандастар. Көші-қон квотасы аясында 49 адам тұрақты жұмысқа орналасты, 22 отбасыға экономикалық мобильділік сертификаты берілді.
Ақмола облысында мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы әр отбасының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жұмыссыздықты азайтуға және қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға бағытталған. Брифингте айтылған деректер көрсеткендей, әрбір қолға алынған жоба – тек сандар мен жоспарлар емес, ол нақты өмірін жақсартқан адамдардың тағдырына тікелей әсер етуде.
Әр отбасыға қолдау: Ақмолада әлеуметтік бағдарламалар қалай іске асуда?
