Көпбалалы ана, Зеренді ауданы аналар кеңесінің төрайымы ретінде ұлтымыздың бірлігі мен этносаралық келісімді нығайтуды еліміздің тұрақты дамуы мен болашағы үшін ең маңызды құндылықтардың бірі деп есептеймін. «Бірлік бар жерде — тірлік бар» деген дана халқымыздың сөзі текке айтылмаса керек-ті. Бұл сөздің терең мағынасы бүгінгі күні де өз өзектілігін жойған емес.
Қазақстан – жүз отыздан астам ұлт пен ұлысқа ортақ, береке мен бейбітшілікке негізделген мекен. Осындай көпұлтты елде татулық пен өзара түсіністік – баршамыздың ортақ жетістігіміз. Біз, аналар, ұрпақ тәрбиесінің бастауында тұрған жандар ретінде, балаларымызды осы құндылықтарға баулуға міндеттіміз. Осы мақсатта мен де патронатты ана ретінде өзге ұлт өкілдерінің балаларын тәрбиелей отырып, өзге ұлттар мен біздің арамыздағы тығыз қарым-қатынас пен достық қарым-қатынастың маңызын түсінемін.
Аналар кеңесі — тек қоғамдық ұйым емес, ол рухани тәрбие мен ұлттық бірліктің тірегі. Біздің кеңестің басты мақсаты — жастарды, әсіресе қыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, елжандылыққа, отансүйгіштікке, инабаттылыққа тәрбиелеу. Түрлі этнос өкілдерімен бірлесе отырып, мәдени іс-шаралар, қайырымдылық акциялары, отбасылық тәрбиеге бағытталған кездесулер өткіземіз. Бұл іс-шаралар халықтар арасындағы достықты нығайтып, бірлігімізді бекемдей түседі.
Балаларымыз бір-бірін ұлтына қарап емес, адамгершілігіне қарап құрметтесе, онда біз болашағымызға сеніммен қарай аламыз. Себебі бірлік — ең басты құндылық. «Тату елге тыныштық пен береке орнайды» дегендей, ел болашағы – татулық пен достықтың негізінде ғана жарқын болады.
Мемлекет басшысының этносаралық келісімді сақтау және нығайту саясаты бізге үлкен сенім мен үміт береді. Біз, аналар, осы саясаттың өмірде жүзеге асуына атсалыса отырып, отбасымызда, қоғамда бейбітшілік пен келісім құндылықтарын насихаттауды жалғастырамыз.
Біз әрқашан бірлікті ту етіп, татулықты өмір салтына айналдырған халықпыз. Бұл жолдан таймай, ұрпағымызға бейбіт, берекелі ел қалдыру – бәріміздің қасиетті парызымыз деп білемін.
Г.Ибраева — патронатты ана, Зеренді ауданыаналар кеңесінің төрайымы.