Ақмола облысы аумағындағы су тасқыны кезеңінің өту барысы туралы

 


Ақмола облысында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көктемгі су тасқынының салдарын азайту мақсатында барлық қажетті шаралар қабылдануда. Бүгінгі күні жағдай қалыпты, су нысандарында тұрақты мұз жамылғысы байқалады. Болжамдар мен ықтимал тәуекелдерді ескере отырып, өңірде су тасқынының белсенді кезеңіне дайындық жүргізілуде.

А. ж. 17 наурызынан бастап облыста тәулік бойы жұмыс істейтін су тасқынына қарсы штабтар мен байланыс орталықтары ашылды, олар жергілікті жерлердегі жағдай туралы ақпарат қабылдап, жедел әрекет ету қызметтерінің жұмысын үйлестіреді.

Қар еруі байқалатын елді мекендерде суды сору және қауіпсіз арналарға бұру жұмыстары жүргізілуде. Су өткізгіш құрылыстар, арықтар мен каналдар тазартылуда. Облыс бойынша барлығы 2,4 млн. м3 қар шығарылды.
20 наурызға дейін өзендердің қауіпті учаскелерінде мұзды қопсыту және ұсақтау бойынша жару жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Су тасқыны қаупі бар өзендер мен гидротехникалық құрылыстарда тәулік бойы жұмыс істейтін 100-ге жуық бақылау бекеті орнатылған.

Су тасқынына қарсы іс-шараларға 2000-нан астам адам, 1100-ге жуық техника, 370-тен астам мотопомпа және 50-ден астам жүзу құралы тартылған. Су тасқыны жағдайы күрделенген жағдайда, 450-ден астам адамнан, 105 техника бірлігінен, 13 жүзу құралынан және 72 мотопомпадан тұратын жедел әрекет ету күштері дайындалған.

Ықтимал қауіпті аудандарда күштер тобын нығайту бойынша алдын алу шаралары қабылдануда. А. ж. 15 наурызынан бастап Аршалы ауданына Қарағанды қаласының ТЖМ РК 52859 әскери бөлімінің күштері мен құралдары (40 адам және 2 техника бірлігі) жөнелтілді. Бүгін (18 наурызда) облыстың ТЖД күштері Аршалы, Атбасар, Целиноград аудандарына және Қосшы қаласына (73 адам, 20 техника бірлігі, 8 мотопомпа, 5 жүзу құралы) жол тартты.

Атбасар ауданына Ақмола облысы аумақтық қорғаныс бригадасының 40 адамнан тұратын жеке құрамы жіберілді.
20 наурыздан бастап Астана қаласы ТЖД күштерін Есіл және Жарқайың аудандарына (37 адам, 5 техника бірлігі, 2 жүзу құралы, 4 мотопомпа) жіберу жоспарлануда.

Сонымен қатар, басқа өңірлерден (Астана қ. және Шымкент қ. ТЖД — 203 адам, 26 техника бірлігі, 39 мотопомпа, 1 жүзу құралы) резервтік күштер тарту мәселесі де қарастырылған.

Айта кетейік, су тасқынына қарсы іс-шаралар гидрологиялық болжамдарды және жағдайдың дамуын ескере отырып түзетілетін болады.

Ақмола облысының азаматтық қорғау ақпарат қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вам также может понравиться