Ақмола облысында көлеңкелі экономикамен, соның ішінде қымбат металдардың заңсыз айналымымен күрес жұмыстары белсенді жүргізілуде. Қаржылық мониторинг агенттігі мен оның аумақтық бөлімшелері әлеуметтік-экономикалық жағдайды үнемі талдап, заңсыз әрекеттерге ықпал ететін факторларды анықтап, қылмыстық схемаларды әшкерелеуде. Осы бағыттағы жұмыстар туралы Ақмола облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары Сәкен Мушағалиев Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында айтып берді.
Соңғы бір жарым жылда өңірде алтын өндірумен, сатып алумен және аффинирленген алтын мен алтын бұйымдарын сатумен айналысқан төрт қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Олардың үшеуі тұрақты ұйымдасқан қылмыстық топ ретінде жұмыс істесе, біреуі ірі қылмыстық ұйымның құрамына кірген.
«Жедел іс-шаралар барысында 68 миллион теңгеге бағаланған екі келіден астам алтын және 300-ден астам зергерлік бұйым тәркіленді. Заңсыз алтын саудасынан түскен қылмыстық табыс 300 миллион теңгеге жуықтады. Сот үкімі шығарылып, күдіктілер кінәлі деп танылып, әртүрлі жазаға тартылды. Сонымен қатар, қылмыстық жолмен алынған мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Олардың қатарында құны 38,8 миллион теңгені құрайтын екі автомобиль, 1,5 келіден астам алтын, Алтын сырғалар, жүзіктер, кулондар секілді зергерлік бұйымдар бар, 258 миллион теңге көлеміндегі заңсыз табыс мемлекетке қайтарылды», – деп мәлімдеді спикер.
Алтын және зергерлік бұйымдардың заңсыз айналымымен күрес экономикалық қауіпсіздік стратегиясының басты басымдықтарының бірі болып қала береді. Мемлекет көлеңкелі экономикамен күресті күшейтіп, заңсыз әрекеттерді жою бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп отыр.
Көлеңкелі экономикамен күрес: заңсыз алтын айналымы бақылауда
