Ақын – елдің ардағы

Данышпан қазақ халқы қай кезеңде де ел сөзін сөйлер ақынға кенде болған емес. Халықтың рухани мұратына қызмет еткен ұлы тұлғаларымыз көптеп саналады. Әсіресе, киелі ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған Көкшетау – сал-серілер мекені. Ықылым заманнан бері табиғаты тамылжыған ғажайып өлкеде ән ұшып, өлең қонғандығы белгілі.
​Қазақ ән өнерінің биігі Біржан сал Қожағұлұлының есімін иеленген ауданның тарихы да, табиғаты да бай, биік тау, ну орман, жазық дала аралас, өзен-көлге бай өлке. Абылайдың қара жолы көлденең қиып өтетін аудан аумағында Андықожа, Аңғал батырлар, Шәймерден Қосшығұлұлы, Шәрәпи Әлжанов, Рамазан Елебаев сынды өз дәуірінің қайраткер тұлғалары туып өскен. Осындай өлең-жырдың өркендеуіне сүбелі үлес қосқан талай тарлан таланттардың ізін жалғаған ақын Баянғали Тақанұлы ағамыз да ел руханиятын түгендеген өнер мен мәдениет жанашырларының бірегейі.

Қазан айының 28 жұлдызында Біржан сал атындағы тарихи-өлкетану музейінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ауданымыздың Құрметті азаматы, Қырғызстанның А.Малдыбаев атындағы Халықаралық сыйлығының лауреаты, ақын, драматург, жазушы, айтыс ақыны, жыршы-жырау, манасшы, кинорежиссер, сценарийші, актер, сыншы, сатирик, әдебиет пен өнер зертеушісі, балалар ақыны және балалар жазушысы Баянғали Тақанұлы Әлімжановтың 70 жас мерейтойына арналған «Ұлы дала ақыны» атты кеш өтті.

Іс-шараның мақсаты өлкеміздегі халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгерлеріміздің өрнегі мол жырларын оқуға насихаттау, олардың өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа өнеге тұтып, жастардың кітап оқуға құлшынысын арттыру, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру.

Әдебиеттің үш тегі: эпос, лирика, драма. Үш үлкен бағыт, шегі жоқ үш шалқар, басын бұлт құрсаған үш мұзарт. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» дегенімізбен, бұл әдеби жанрлар мен түрлердің әрқайсысының өзіндік мазмұны, суреттеу, баяндаудағы бөлек тәсілдері өз тарапынан жүйе құрып, сан тарау жікке бөлінеді. Асқан дарын, тума талант болмаса бұл үш құрылымның басын бірдей шалу көбінің қолайына келе бермейді. Келген күнде ол бөлек құбылыс, айрықша қаламгер, қайткен күнде көп әріптесінен бәсі басым, басы жоғары тұлға. Сегіз қырлы, бір сырлы Баянғали Әлімжанов феноменіне ден қойған уақытта біз ылғи осы оймен бетпе-бет келеміз.

​Осындай талант иесі Баянғали Әлімжановты білмейтін адам кемде-кем. Баянғали Әлімжанов қазақтан шыққан бірден-бір манасшы. 1995 жылы Қырғызстанда Манастың мың жылдығына арналған Халықаралық манасшылар байқауына қатысып, арнайы жүлдеге ие болған. Кино саласында да бірқатар еңбектері жарық көріп, сыни зерттеулерімен, жыршылық өнерімен өрелі жұртын таңдандырып жүрген қаламгердің халқына бергенінен берері мол екені сөзсіз.
​Біржан сал елі – ежелден бақ қонған ел, ұлылар мекені. Ұлы бабалардың ізін басқан, асылдың сынығындай жарқыраған, жаны нәзік, сөзі – сұлу сыршыл ақын Баянғалиымен Біржан сал елі мақтанады.

​Айтулы кешке Ақмола облысының тарихи-өлкетану музейінің директоры Мырзабек Құдайберлі Рақымбекұлы әдейлеп келіп, Баянғали ағамыз туралы әңгімелер айтты.
​Еске сала кетейік, Құдайберлі Мырзабеков (1964 жылы туған, Зеренді ауданы Ақан ауылы) – суырыпсалма ақын. Мамандығы – филолог, тарихшы. Бүгінде М.Ғабдуллин мұражайының директоры. Қазақстан жазушылар одағының, Қазақстан журналистер одағының мүшесі.
​«Айрауық» (өлеңдер жинағы), «Қармыс атаның ұрпағы» (деректі повесть), «Ащылы-Жекебояқ» (өлеңдер жинағы) кітаптарының авторы. Көптеген шығармалары бірнеше топтық жинақтарға енген. Әуесқой композитор. Батырлар жырынан үзінділерді, терме-толғауларды жатқа жырлайтын, көне мақамдарды кейінгі ұрпаққа насихаттаушы жыршы. Халық ауыз әдебиеті мұраларын жинақтаушы.

​Ән, сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезімдердің, ойлардың өзін түбі жоқ тереңнен алып шығып, әуен арқылы бүкіл сана – сезіміңді баурап алып жеткізе алатын құдіретті қасиетке ие. Ақын Баянғали ағамыздың ғұмырлы поэзиясы бүгінде әнге айналып, көкке қалықтайды. Сондай-ақ Кеңащы ауылының ЖББ мектебінің оқушылары, Абай атындағы №2 ЖББМ, Біржан сал атындағы музкалық мектебінің оқушылары, күй тартып, ән салса, Бұланды ауданының «Жас айтыскерлер мектебінің» жас ақындары, жас болса да халықтың жүрегінен орын алған, бір талай Республикалық айтыстардың жүлделі орын иегерлері Елеш Нұрғиса мен Қызырбек Сырым ақындарымызды Баянғали Тақанұлы Әлімжановтың 70 жас мерейтойына арналған айтысын тамашалады.

​Баянғали ағамыз өзі келе алмаса да, ағамыздың берген сұхбаты видеоролик көрсетілді.
​Сүлейменова Әсел Жумабайқызы музей меңгерушісі кеш соңында барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен сыйлықтарын табыс етті.
​Баянғали ақын туған жерін, өскен елін жырласа, туған халқы ұлын ұлықтап, даңқын дәріптейді. Баянғалидың баянды шығармашылық жолын үлгі етер талай өнерлі өрендері қанаттандырып ұшырарына сенеміз.
Қуаныш НУРКУШЕВА.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вам также может понравиться

  • «Балғын шақ» байқауы

  • «Жетісудың Сарасы — бар қазақтың дарасы»

  • Ономастика және тарихи дәстүрлі атаулар

  • Ел ардағы – Ата Заң