Ақмола облысында ТҮКШ жаңғыртуға 7,3 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланған. Бұл туралы ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Асылбек Қуандықұлы брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Департамент өңірдегі 71 табиғи монополия субъектісінің қызметін реттеп, 165 түрлі қызмет түрін бақылайды. Өткен жылы тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалмауы нәтижесінде 1,8 миллиард теңгеден астам қаражат мақсатсыз жұмсалғаны анықталды. Ең көп заңбұзушылықтар жылумен қамту саласында тіркеліп, 1,2 миллиард теңге көлеміндегі қаржы дұрыс пайдаланылмаған. Тәртіп бұзғандардың қатарында «Көкшетау Жылу», «Көкшетау Су Арнасы» және «Көкшетау Энерго» тәрізді мекемелер бар. Жылу тарифтерін қайта есептеу мәселесі де өткір талқыланды.
«Біз талдау жүргізіп, жылудың жеткіліксіз берілгенін анықтадық. Соның нәтижесінде тұтынушыларға 33,5 миллион теңге қайтарылуы тиіс. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп» – деп мәлімдеді департамент басшысы Асылбек Қуандықұлы.
Тағы бір өзекті мәселе – инженерлік желілердің тозу деңгейінің жоғары болуы. Электр желілерінің 62%-ы, су бұру жүйелерінің 64%-ы, ал жылу жүйелерінің 58%-ы әбден тозған. Осыған байланысты 2,6 мың шақырым желіні жаңартуға 15,4 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр.
Бұған қоса, 2024 жылдың ақпанынан бастап тариф белгілеудің жаңа ережелері күшіне енді. Оған сәйкес, әлеуметтік тұтыну нормалары енгізіліп, төлем мөлшері тұрғын үйдің көлемі мен пайдаланылған ресурс көлеміне қарай белгіленеді.
«Мысалы, су тұтынуда төрт санат бекітілді – әр адамға айына 3-тен 10 және одан да көп текше метрге дейін. Бұл шара ресурстарды үнемдеуге бағытталған» – деп түсіндірді спикер.
Облыс бойынша әлеуметтік нормалар қазірдің өзінде алты табиғи монополия субъектісінің жеті қызметінде енгізілді. Олардың ішінде «Көкшетау Жылу», «Комхоз», «Целиноград коммуналдық қызметі», «Көкшетау Су Арнасы» және басқа да мекемелер бар.
Энергетика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғыртуға арналған Ұлттық жоба аясында Ақмола облысына 7,3 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Қаражат жылу, су және кәріз жүйелерін қайта құруға жұмсалады. Басты жобалардың қатарында – Көкшетаудағы жылу магистралін жаңарту, Степногорск жылу электр орталығын модернизациялау, Щучинск пен Софиевкада су құбырларын салу және кәріз коллекторларын жаңарту жұмыстары бар.
Бұл бастамалар өңірдегі тұрғындарға сапалы коммуналдық қызметтер ұсынып, тарифтердің әділ әрі ашық болуын қамтамасыз етуге бағытталған.