*СҚО мен Ақмолада 7 мыңнан астам адам тегін медициналық көмек алды*
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруы жоқ тұрғындар да «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры жүзеге асырып жатқан «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының арқасында білікті дәрігерлік көмек алу мүмкіндігіне ие болды.
Жоба 13 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Биыл пойыз 7–28 тамыз аралығында аталған өңірлердің тұрғындарына қызмет көрсетті. Осы кезеңде дәрігерлер 7 278 науқасты қабылдап, 423 адамға заңгерлік және медиациялық кеңес берілді. Барлығы 7 701 тұрғын көмек алды.
Ең көп сұранысқа ие болған мамандар — офтальмолог, УДЗ дәрігері, терапевт және акушер-гинеколог.
Медициналық қызметтермен қатар, ауыл тұрғындарына заңгерлік және медиациялық қолдау да көрсетілді. Мамандар отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек рәсімдеуге, «Всеобуч» бағдарламасы аясында қаржыландыру алуға және ұлттық медициналық орталықтарда емделу үшін квоталар рәсімдеуге жәрдемдесті.
Жоба «Самрук-Қазына» АҚ тобы атынан әлеуметтік жобаларды дамыту қоры Samruk-Kazyna Trust, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның серіктестігімен жүзеге асырылуда.
