Мемлекет бiздiң қоғамда негiзгi отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударып отыр. Қазақстанда Отбасы күні 2013 жылдан бастап қыркүйек айының екiншi жексенбiсiнде аталып өтедi. Биыл бұл дата 8 қыркүйекке сәйкес келді.
«Бақытты әрі берік шаңырақ – берекелі қоғамның және мемлекеттің мызғымас тірегі. Отаншылдық пен жауапкершілік, парасаттылық пен ізеттілік, еңбекқорлық пен жасампаздық сияқты асыл қасиеттер ең жақын жандардың үлгі-өнегесі мен ықпалының арқасында қалыптасады. Ізгілік идеалдары мен қағидаларына негізделген тұлға дүниетанымы ата-ана тәрбиесінен бастау алады. Халқымыз қашанда шыққан тегіңді білуге және отбасы құндылықтарын ұлықтауға айрықша мән берген. Бүгінде бұл қасиеттер ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады», — деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Отбасы – басты құндылық. Ол адам өмірінде ерекше орын алады. Кішкентай азамат құрмет, сүйіспеншілік, өзара көмек, еңбекқорлық сияқты маңызды құндылықтарды отбасында біліп өседі. Ата-аналар балаларына баға жетпес өмірлік тәжірибе береді, қиындықтарды еңсеруге үйретеді, бойындағы қабілеттер мен таланттарды дамытуға көмектеседі, ұлттық дәстүрлермен таныстырады. Мерекенің негізгі идеясы – ұлттық және отбасылық құндылықтарды дәріптеу, отбасы мен неке ұғымдарына сүйіспеншілік тудыру.
Отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында аудандық кітапханада балалар кітапханасымен, АХАТ бойынша Біржан сал ауданының бөлімімен, саңыраулар клубының мәдени ұйымдастырушысы Роза Ережепқызы Айтмағамбетовамен бірлесіп «Тәрбие бастауы-отбасы» атты кездесу кеші ұйымдастырылды. Атаулы шараға 30 жыл бірге өмір сүрген Неғметжановтар отбасы, 20 жыл некеде тұрған Айнке Нұлан мен Бота Сматаев және 10 жыл бірге Әлменовтар отбасы шақырылды.
Әңгіме барысында аға буын жастармен өз тәжірибелеріндегі естеліктерімен бөлісті, өмірден мысалдар келтірді, ал жастар отбасы мен отбасылық құндылықтарға қатысты өз ойларымен және көз қарастарын білдірді.Әңгіме жылы және достық жағдайда өтті. Сондай-ақ «Біржан сал атындағы балалар музыкалық мектебінің» оқушылары Жақсылық Алан мен Қазбекова Нұрназаның орындауында музыкалық композициялар орындалды.
Іс-шара соңында барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.
Қазақтың әр сөзінің астарында тәлім-тәрбие жатыр. «Тәрбие отбасынан басталады» деген халық даналығы да бекер айтылмаған. Саналы да, білімді болашағын қалыптастыру әрбір ата-ананың мерейлі міндеті, парасатты парызы. Ата-бабамыздан қалған ұлттық тәрбиемізге дақ түсірмеу үшін барлық қажетті жауапкершілікті ата-ана өзіне алғаны жөн, себебі бала ата-ананың өмірінің жалғасы. Абай Құнанбаев «Жаман тәрбие – болашақтағы қайғыңыз» десе, Ғабиден Мұстафин «не нәрсе ұятты болса, сол асыл» деген екен. Бұл өзге ұлттан кездестіре қоймайтын асыл сөз.
Қуаныш НУРКУШЕВА.