Жыл сайын жылыту маусымы басталғанда Ақмола облысында тұрмыстық өрттердің саны бірнеше есеге артады. Көп жағдайда мұндай жағдайлар пештер мен электржылытқыш құралдарын дұрыс пайдаланбаудан, қауіпсіздік ережелерін елемеуден туындайды. Бұл туралы брифинг барысында Ақмола облысының мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Ержан Ғаббас мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Биылғы жылғы жылыту кезеңінде облыс аумағында 45 өрт тіркелген. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 32 пайызға көп. Өрттердің басым бөлігі – электр жабдықтарын орнату мен пайдалану ережелерінің бұзылуынан. Сондай-ақ, отты абайсыз пайдалану, өздігінен тұтану жағдайлары да себеп болған.
«Осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында Ақмола облысының төтенше жағдайлар қызметі жергілікті билік, полиция және еріктілермен бірлесе отырып, кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. «Өрттен сақ бол!», «Сіріңке – бір өмірдің бағасы», «Қауіпсіздік – әр үйге», «Көмірқышқыл газынан сақтан!» сияқты акциялар аясында мамандар тұрғын үйлерді аралап, өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп, жадынамалар таратты»,-деді басқарма бастығы.
Спикердің мәлімдеуінше, қазанның 22-сінен қарашаның 22-сіне дейін өңірде «Өрт қауіпсіздігі айлығы» республикалық алдын алу шарасының үшінші кезеңі өтіп жатыр. Бұл бастама жылыту маусымының қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Құтқарушылардың негізгі назарында – әлеуметтік осал топтағы отбасылар. Облыс бойынша 8912 отбасы қамтылды.
«Олардың үйлеріндегі пеш мұржалары тазартылып, 11 мыңнан астам түтін мен газ датчиктері орнатылды. Қосымша тағы 1,5 мыңға жуық құрылғы орнату жоспарланып отыр»,-деп атап өтті спикер.
Соңғы үш жылда орнатылған көміртек тотығының жеті датчигі алты ауданда дер кезінде іске қосылып, отыз адамның өмірі құтқарылған.
Тұрғын үйлерде қауіпсіздік шаралары бойынша жадынамалар мен QR-коды бар буклеттер таратылып, көппәтерлі үйлердің аумағында өрт сөндіру техникасының қозғалысына кедергі келтіретін 25 бетон бөгет алынды.
Мамандар тұрғындарға жылыту маусымында пештер мен мұржаларды уақытылы жөндеп, тазалауды ұсынады. Қолданыстағы нормалар бойынша түтін мұржаларын кемінде үш айда бір рет күйеден тазалау қажет.
Электр сымдары мен жылытқыштардың жағдайына да ерекше көңіл бөлу керек. Мамандар тұрғындарға өз қолымен жасалған жылытқыштарды қолданбауға, бір розеткаға бірнеше құрылғы қоспауға және ескі сымдарды ауыстыруға кеңес береді.
Құтқарушылардың айтуынша, өрттің алдын алудың ең басты шарты – қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау. Бұл қарапайым талаптар сіздің мүлкіңізді өрттен қорғап, өзіңіздің және жақындарыңыздың өмірін сақтап қалуға көмектеседі.
Облыста жылыту маусымындағы өрттердің алдын алу шаралары күшейтілді
 
    
 
                                