Қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде айтарым, Конституция – мемлекетіміздің берік тірегі, әділдік пен теңдік қағидаттарына негізделген қоғамдық келісімнің басты құжаты. Ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын айқындап қана қоймай, ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайды. Конституция – тұрақтылықтың, бірліктің және қоғамдық келісімнің кепілі. Оның әрбір бабы азаматтардың мүддесін қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған.
15 наурызда өтетін республикалық референдум – әрбір азамат үшін маңызды қоғамдық-саяси оқиға. Бұл – жай ғана дауыс беру науқаны емес, халықтың өз еркін білдіретін, мемлекет дамуына тікелей ықпал етуіне мүмкіндік беретін маңызды демократиялық тетік. Референдум арқылы ел болашағына қатысты шешімдерге әрбір азамат өзінің нақты үлесін қоса алады. Бұл – жауапты таңдау жасау сәті.
Қоғамдық кеңес алаңында тұрақты түрде кездесулер, дөңгелек үстелдер және ашық пікірталастар ұйымдастырылып келеді. Осындай диалог алаңдары тұрғындардың ой-пікірін тыңдауға, ұсыныстарын жинақтауға және оларды тиісті деңгейде жеткізуге мүмкіндік береді. Кездесулер барысында халықтың ел болашағына бейжай қарамайтынын, қоғамдағы өзгерістерге белсенді түрде атсалысуға дайын екенін анық аңғарудамыз. Ашықтық, жариялылық және халық пікірін ескеру – біздің жұмысымыздың басты қағидаттары.
Бүгінгі таңда қоғамда заң үстемдігін нығайту, әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері кеңінен талқылануда. Бұл үдерістердің барлығы мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді арттыруға бағытталған. Осындай маңызды кезеңде әрбір азаматтың белсенді азаматтық ұстаным танытуы – уақыт талабы.
15 наурыздағы референдумға қатысу – азаматтық жауапкершіліктің, отансүйгіштіктің және ел келешегіне деген жанашырлықтың көрінісі. Әрбір дауыс маңызды, өйткені ол ортақ болашағымыздың қалыптасуына әсер етеді. Қоғамның белсенділігі мен бірлігі мемлекетіміздің одан әрі нығаюына, тұрақтылықтың сақталуына және демократиялық қағидаттардың дамуына берік негіз қалайды деп сенемін.
Ақмарал Кенжебаева,
Біржан сал ауданының Қоғамдық кеңес төрайымы
