Әр ананың тілегі – тұрақты әрі әділетті қоғам

Аналар кеңесінің мүшесі ретінде Конституциялық реформаны қолдайтынымды айтқым келеді.

Біз, аналар, ең алдымен балаларымыздың болашағын ойлаймыз. Әрбір ана үшін баласының амандығы, бақытты балалық шағы мен жарқын болашағы – ең үлкен құндылық. Сондықтан елде тұрақтылық, әділдік пен заң үстемдігі орнаған кезде ғана балаларымыз алаңсыз өсіп, сапалы білім алып, өз қабілеттерін толық дамытуға мүмкіндік алады деп сенемін.

Конституциялық реформа – мемлекеттің жауапкершілігін күшейтіп, қоғамдағы әділдік қағидаттарын нығайтуға, халықтың үнін естуге бағытталған маңызды қадам. Бұл өзгерістер елдің болашақ дамуына жаңа серпін беріп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды одан әрі күшейтеді деп ойлаймын.

Әсіресе отбасы институтын нығайту, отбасылық және ұлттық құндылықтарды сақтау, ана мен баланы қорғау, білім мен денсаулық сақтау салаларын дамыту, сондай-ақ балаларымыздың қауіпсіз әрі қолайлы ортада өсуін қамтамасыз ету мәселелері біз үшін ерекше маңызды. Себебі мықты отбасы – мықты қоғамның негізі. Отбасында берілген тәрбие мен құндылықтар елдің болашағын айқындайды.

Конституция – әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғап, қоғамдағы әділдік пен теңдіктің негізін қалайтын басты құжат. Ол әр отбасының берекесін сақтап, әр баланың болашағына кепіл болатын негізгі заң. Сондықтан оның мазмұны мен болашағы әрқайсымызға тікелей қатысты.

Бүгінгі таңда елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалар қоғамның барлық саласын қамтып, азаматтардың белсенді қатысуын талап етеді. Осындай маңызды кезеңде әр азамат өз көзқарасын білдіріп, ел болашағына бейжай қарамауы керек деп есептеймін.

Сондықтан әрқайсымыз өз азаматтық ұстанымымызды білдіруіміз қажет. Өйткені бүгін қабылданатын шешімдер – ертеңгі ұрпақтың тағдырына әсер ететін маңызды қадам. Біз балаларымыздың жарқын болашағы үшін жауаптымыз.

Мен ана ретінде де, қоғам мүшесі ретінде де еліміздің тұрақты дамуына, әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталған Конституциялық реформаны қолдаймын. Себебі балаларымыздың қауіпсіз, білімді, мүмкіндігі тең қоғамда өмір сүруі – баршамыздың ортақ мақсатымыз.

Ләззат Жексембаева,

Біржан сал ауданы Аналар кеңесінің мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вам также может понравиться