Бұл шешім қыркүйек айында инфляцияның үдеуімен байланысты. Тамыз айында 12,2% болған көрсеткіш қыркүйекте 12,9%-ға дейін өсіп, реттеушінің болжамынан асып түсті.
Ұлттық банк төрағасы Т. Сүлейменовтың Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша шешіміне қатысты түсіндірмесі:
Біз базалық мөлшерлемені қаншалықты деңгейге көтеру жөнінде пікірталас жүргіздік. Әрбір сарапшы өз саласын терең біледі, сондықтан олардың базалық мөлшерлеменің инфляцияға әсері бойынша түрлі дәлелдері болды. Кейбіреулер қатаңырақ шаралар қабылдау қажет деп санады. Талқылау қорытындысы бойынша 18% деңгейінде тоқтадық. Негізінен, біз саясаты қатайтпаймыз, тек инфляцияның өсуі мен айырбас бағамының әлсіреуі нәтижесінде жоғалтқан қатаңдықты қалпына келтірудеміз.
Біздің басты мақсатымыз – бағаны тұрақтандыру, инфляцияны төмендету. Біз бағалардың ай сайын 1–2 пайызға өсуін тоқтатып, инфляцияны 13 пайыз деңгейінде ұстап тұрмау үшін, қалыпты деңгейге түсіру мақсатында орташа қатаң ақша-кредит саясатын жүргізуге мәжбүрміз.
Базалық мөлшерлеменің өсуі – бұл экономикадағы ақшаның құнының артуы. Оған сәйкес, нарықтағы кредит және депозит мөлшерлемелері де өседі. Бұл мөлшерлемелерді банктер өздері анықтайды. Нарықтағы несие мөлшерлемелері жоғарылайды, депозиттер бойынша да өсім болады. Несие алушылар үшін бұл тиімсіздеу болса, депозит ұстаушылар аздап көбірек табыс табады.
Нәтижесінде тұтынушылық белсенділік пен сұраныс төмендейді, ал сұраныстың төмендеуі бағаның тұрақтануына және инфляцияның бәсеңдеуіне алып келеді.