Қазақстан – ұлы дала елі, көне тарих пен жаңа болашақ түйіскен, сан түрлі ұлт пен ұлыс бейбіт өмір сүріп жатқан мекен. Бұл – бірлік пен татулықты ту еткен, келісім мен өзара құрметке негізделген мемлекет. Бүгінгі Қазақстан – тек экономикалық немесе саяси табыстарымен ғана емес, сонымен қатар қоғам ішіндегі келісімімен де әлемге үлгі болып отыр.
Біздің елімізде жүзден астам этнос өкілі тұрады. Бұл – кез келген мемлекеттің тұрақтылығы үшін сын болатын жағдай. Алайда Қазақстан бұл сыннан сүрінбей өтті. Себебі елде тұратын әрбір азамат өз тілі мен дінін, салт-дәстүрін сақтай отырып, бір шаңырақ астында өмір сүріп келеді. Бұл – өзара құрметтің, сыйластықтың, түсіністіктің айқын көрінісі.
Этносаралық және дінаралық келісім – біздің басты құндылығымыз. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы осы жолдағы нақты әрі маңызды қадам болды. Бұл институттың арқасында еліміздегі барлық этностардың мүддесі ескеріліп, мәдениетіне, тіліне қолдау көрсетілуде. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі де еліміздің бейбітшілік пен диалогты жақтайтынын дәлелдейді.
Мен үшін Қазақстан – тек туған жер ғана емес, әртүрлілікке төзімділікпен қарайтын, барлық адамды тең көретін Отан. Мұнда сенің ұлтың немесе дінің маңызды емес, бастысы – адалдықпен еңбек етуің, елге қызмет етуге дайын болуың. Бұл – нағыз азаматтық келісімнің көрінісі.
Қазақстан – келісім мен өзара құрметтің мекені екенін күн сайын дәлелдеп келеді. Біз бұл жетістікті сақтау үшін бірлігімізді нығайтып, өзгеге үлгі боларлық қоғам құру жолында еңбек етуіміз керек. Себебі бірлігі бекем елдің болашағы жарқын болмақ.
Біржан сал ауданы, Аналар кеңесінің мүшесі М. Аяғанова