Жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының спорт шебері, ел чемпионы, ұлттық құрама мүшесі Зелимхан Насыров өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен сұхбат барысында өзінің спорттағы жолы, шабыт көзі және 2026 жылы Жапонияда өтетін Азия ойындарына дайындығы туралы айтып берді.
Зелимханның үлкен спорттағы жолы күтпеген жерден басталған. Бала кезінде ол футболмен айналысқан, алайда нағыз қабілеті жүгірістен көрінді.
«Футбол алаңында әрдайым үздік болмасам да, бәрінен жылдам жүгіретінмін. Сол кезде менің бағытым – жеңіл атлетика екенін түсіндім», – дейді спортшы.
Табандылық пен табиғи дарын алғашқы нәтижелерін көп күттірмеді. Содан бері спорт оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Зелимханның кәсіби деңгейге көтерілуінде Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Василий Чуйконың еңбегі ерекше. Қазір де ол өз ұстазының жетекшілігімен жаттығады.
«Жаттықтырушым әрқашан маған сеніп, қажет сәтте бағыт беріп отырды. Оның қолдауы болмаса, бүгінгі жетістігіме жетпес едім», – дейді Зелимхан.
Алғашқы ірі жарысы Иранның Тегеран қаласында өткен халықаралық турнирде болды. Онда ол үздік алты спортшының қатарына еніп, өзіне зор тәжірибе мен жаңа мотивация алды.
Зелимханның айтуынша, кәсіби спорт тек физикалық күшті ғана емес, ерік-жігер мен тұрақтылықты да талап етеді.
«Әр үшінші адамда талант бар, бірақ оны нәтижеге жеткізетін – тәртіп. Егер күн сайын өз ісіңе аз да болса уақыт бөлсең, табысқа жетпеу мүмкін емес», – деп бөлісті ол.
Қазір спортшы 2026 жылғы Азия ойындарына қарқынды дайындық үстінде. Күн сайын екі мәрте жаттығу өткізіледі: техника, төзімділік пен жылдамдыққа басымдық берілген. Сонымен қатар, ол психологиялық дайындықтың маңызын ерекше атап өтті:
«Шешуші сәтте бәрі сенің ішкі сенімің мен көңіл күйіңе байланысты», – дейді Зелимхан.
Жаттығу мен жеке өмірді үйлестіру оңай болмаса да, спортшы тепе-теңдікті сақтауға тырысады. Ол оқу мен спортты қатар алып жүрудің қиын болғанын мойындайды, бірақ нағыз мақсат әрқашан қажырлы еңбекті талап ететінін түсінеді.
Алдағы жоспарында – коммерциялық жарыстарға қатысу, жаңа халықаралық тәжірибе жинау және Қазақстанның намысын әлемдік деңгейде лайықты қорғау бар.
Зелимхан Насыров – табандылық пен еңбектің үлгісі. Ол өз жетістігімен жастарға үлгі болып, спорт арқылы ел намысын биіктетіп келеді.
Ақмолалық жеңілатлет Зелимхан Насыров – халықаралық аренада Қазақстанның абыройын асқақтатып жүр
