Өңірде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтарға бақылау күшейтілді. Әйелдердің құқықтарын қорғау және дағдарыс орталықтарының жұмысы туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте полиция майоры Мнуара Жолмағанбетова баяндады.
Статистикаға сәйкес, әйелдерге қатысты қылмыстардың шамамен 80%-ы үй жағдайында жасалады. Жыл басынан бері облыста осы санаттағы 23 қылмыстық іс аяқталған. Спикердің айтуынша, құқық қорғау органдары алдын алу шараларына басымдық беруде: жыл басынан бері 1300-ден астам қорғау нұсқамасы шығарылып, 1113 құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«Жаңа өкілеттіктер аясында сотқа жәбірленушінің өміріне нақты қауіп төнген жағдайда “агрессорды” тұрғын үйден уақытша шығару құқығы берілді. Бүгінде мұндай ерекше мінез-құлық талаптары Көкшетау, Атбасар, Қосшы қалаларында және бірқатар аудандарда белгіленді», – деді Мнуара Жолмағанбетова.
Жәбірленушілерді қорғаудың маңызды тетігі – дағдарыс орталықтары. Мұнда зардап шеккендерге психологиялық және заңгерлік көмек көрсетіледі. Биыл полиция мұндай орталықтарға 30 адамды жолдаған, оның 18-і – балалар. Сонымен қатар, соттар тұрмыстық құқықбұзушыларды міндетті түрде психологиялық көмек алуға жіберу тәжірибесін белсенді қолдана бастады: мұндай шешімдер 32 адамға қатысты қабылданды.
Брифинг барысында заңнамадағы жаңашылдықтарға да ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, аңду (сталкинг) және некеге мәжбүрлеу үшін жауапкершілік енгізілді. Жәбірленушінің қауіпсіздігіне қорқыныш тудыратын қудалау фактілері бойынша Сандықтау және Есіл аудандарында алғашқы екі қылмыстық іс тіркелді. Полиция тұрмыстық жанжалдардың ауыр қылмыстарға ұласуына жол бермеу үшін қиын жағдайдағы отбасыларға апта сайын рейдтер жүргізуді жалғастыруда.
