Маусым айында іске қосылған «Өрлеу» бағдарламасы кәсіпкерлерге жеңілдетілген кредит алуға мүмкіндік береді. Бағдарлама бойынша жылдық мөлшерлеме – 12,6%, ал кредит мерзімі – 10 жылға дейін. Жыл басынан бері 43 жоба қаржыландырылып, жалпы кредит сомасы шамамен 14 млрд теңгені құрады.
«Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – «Даму» қоры өңір кәсіпкерлеріне жеңілдетілген қаржыландыру, кепілдік беру және пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы қолдау көрсетеді. Биыл қызмет жаңартылып, процестер жеңілдеп, қолдау тиімділігі артты.
«Біздің басты мақсатымыз – кәсіпкерлерге уақытылы және сапалы қолдау көрсету. Жеңілдетілген кредиттер мен кепілдік механизмдері нақты жобаларды жылдам іске асыруға мүмкіндік береді»,- «Даму» қоры филиалының директоры Айнагүл Байдаулетова.
Кепілзат жетіспеген жобалар үшін биыл екі жаңа кепілдендіру қоры ашылды. Қор 7 млрд теңгеге дейінгі жобалар бойынша 2 жұмыс күні ішінде кепілдік береді. Кепілдік кредиттерге, лизингке және келісімшарттарға беріледі, көлемі кредиттің 85%-ына дейін, бірақ 3,5 млрд теңгеден аспайды.
«Ауыл шаруашылығы саласы үшін арнайы шарттар қарастырылған: көктемгі егіс пен орақ науқанына кредиттерге кепілдік – 85%. Биылғы 11 айда 400-ден аса жоба қолдау тауып, кредиттердің жалпы сомасы 84 млрд теңге, кепілдік сомасы – шамамен 66 млрд теңге болды»,-дейді басшы.
Субсидиялау бойынша 60-тан аса кәсіпкерге қолдау көрсетілді, кредит портфелі – 9 млрд теңге. Оның ішінде 47 жоба – Біріңғай кешенді бағдарлама, 17 жоба – ішкі сауда саласы.
Сонымен қатар, портфельдік субсидиялау және кепілдендіру аясында 200 млн теңгеге дейінгі жобаларға өтінімдер қабылдануда. Кәсіпкер тек 13,2% мөлшерлемемен қаржыландырылады, ал мемлекет 8,8%-ын субсидиялайды.
«Әр кәсіпкердің дамуына жағдай жасау – біздің басты міндетіміз. Мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктері шағын және орта бизнестің өсіміне үлкен серпін береді»,- деп қосты филиал директорының орынбасары Ботагөз Хасенова.
Электрондық сауданы дамыту және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін 3 млрд теңгеге дейін қаржыландыру мүмкіндігі бар.
Ақмола облысында шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді
