📌 «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен Қазақстан Азаматтық Альянсының ұйымдастыруымен «Мәдени мұраны бірге сақтайық» республикалық акциясы өтті.
«Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында акцияға қатысушылар көл маңындағы аумақты тазалау жұмыстарын жүргізді.
Акция табиғи және тарихи-мәдени мұраны сақтауға, табиғи нысандарға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға және вандализмнің алдын алуға бағытталған.
💬 Қазақстан Азаматтық Альянсының директоры Нұрас Ералы атап өтті:
«Мұра — бізге өткеннен қалған дүние ғана емес. Ол — бүгін сақтап, келер ұрпаққа аманат етуге міндетті құндылығымыз. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының 40-бабына сәйкес, әрбір азамат тарихи және мәдени мұраны сақтауға қамқорлық жасауға міндетті. Бұл жауапкершілік тек сөз жүзінде емес, нақты ісімізден де көрініс табуы тиіс».
Акцияға волонтерлер, экологиялық инфлюенсерлер, азаматтық қоғам өкілдері және MADENI MURA клубының мүшелері қатысты. Бастамаға сондай-ақ Бурабай ауданының «Жасыл ел» қозғалысының қатысушылары мен «Жасыл ел» республикалық штабы да қосылды.
Мұндай бастамалар табиғи және мәдени мұраны қорғау бағытындағы волонтерлік қозғалысты дамытуға, сондай-ақ азаматтардың қоршаған ортаны және тарихи-мәдени құндылықтарды сақтаудағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
