«Таза Қазақстан» акциясы Ақмола облысында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға серпін беруде
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Ақмола облысының Аршалы, Целиноград аудандары мен Қосшы қаласында ауқымды тазалық акциялары ұйымдастырылды. Экологиялық бастамаларға жүздеген ерікті, жастар, қоғамдық ұйым өкілдері мен белсенді тұрғындар қатысып, туған өлкенің тазалығына өз үлестерін қосты.
Экологиялық іс-шаралардың негізгі алаңы Аршалы ауданындағы Астана су қоймасы болды. Мұнда 150-ге жуық ерікті жағалау аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Акцияға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов арнайы қатысып, еріктілермен кездесіп, қоршаған ортаны қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Жаз мезгілінде өзен-көлдердің жағалауы тұрғындардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналады. Алайда кейбір азаматтардың демалыстан кейін тұрмыстық қалдықтарды қалдырып кетуі табиғатқа айтарлықтай зиян келтіреді. Елордаға жақын орналасқан Ақмола облысына жыл сайын мыңдаған демалушы келеді. Соған байланысты өңірдің экожүйесіне түсетін жүктеме де артып отыр.
Астана су қоймасы елорданы ауыз сумен қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды нысан болғандықтан, мұнда санитарлық талаптар мен қауіпсіздік шаралары ерекше бақылауда. Су қоймасының аумағында шомылуға, демалуға және автокөлікпен кіруге тыйым салынған арнайы аймақтар белгіленген. Соған қарамастан, кейбір азаматтар заңсыз жолдармен жағалауға өтіп, қоқыс қалдырып, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзатын жағдайлар кездеседі. Мұндай әрекеттер ауыз су көзінің тазалығына ғана емес, жақын маңдағы егістік алқаптары мен елді мекендердің қауіпсіздігіне де қауіп төндіреді.
«Бұл жұмыстар өңірде тұрақты түрде жүргізіледі. Әсіресе су айдындары мен демалыс орындарының тазалығына ерекше көңіл бөлінеді. Басты мақсат – қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Конституциямызда табиғатты қорғау мен қоршаған ортаға ұқыпты қарау қағидаттарына ерекше мән берілген. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар заң талаптарына сәйкес жүйелі түрде жалғасады», – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.
Өңір басшысы табиғатты қорғау талаптарын бұзған азаматтарға заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылатынын, ал қоршаған ортаға елеулі зиян келтірілген жағдайда қылмыстық жауапкершілік те көзделгенін атап өтті.
Аршалы аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, жыл басынан бері тыйым салынған орындарда шомылғаны үшін 50-ге жуық әкімшілік хаттама толтырылған. Ал абаттандыру қағидаларын бұзып, белгіленбеген жерлерге қоқыс тастағаны үшін шамамен 400 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, демалыс күндері Астанадан келетін демалушылар саны айтарлықтай көбейеді. Соған қарамастан, кейбір азаматтар ресми жағажайлардың орнына жабық аумақтарды таңдауды жалғастыруда. Ал аудан тұрғындары мен қонақтары үшін Жібек жолы ауылындағы бассейндер мен Жалтыркөл көліндегі жабдықталған жағажайлар секілді арнайы демалыс орындары жұмыс істейді.
Мамандар су қоймасының тереңдігі мен гидрологиялық ерекшеліктері рұқсат етілмеген жерлерде шомылуды аса қауіпті ететінін атап өтеді. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі, облыстық полиция департаменті және аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерінен құралған бірлескен мобильді топ тұрақты түрде патрульдік бақылау жүргізетін болады.
Экологиялық акцияға қатысқан еріктілердің айтуынша, табиғатты қорғау тек айыппұлмен шектелмеуі тиіс. Ең маңыздысы – әр азаматтың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін қалыптастыру.
«Біреудің қалдырған қоқысын жинау оңай емес. Бірақ табиғаттың бейқамдық салдарынан ластанып жатқанын көру одан да ауыр. Біз бұл жерге тек сенбілік өткізу үшін емес, туған өлкеміздің болашағы үшін келдік. Осындай акциялар адамдардың табиғатқа ұқыпты қарап, өзгенің еңбегін құрметтеуіне ықпал етеді деп сенеміз», – дейді акцияға қатысушы Владислав Поддубный.
Акция қорытындысында еріктілер Астана су қоймасының жағалауынан 237 текше метр қоқыс шығарды. Ал Целиноград ауданында және Қосшы қаласында өткен тазалық шаралары барысында тағы 500 текше метрге жуық тұрмыстық қалдық жиналып, арнайы полигондарға шығарылды.
Жалпы, Аршалы, Целиноград аудандары мен Қосшы қаласында өткен экологиялық акциялар табиғатты қорғау ісінің Ақмола облысында кең қолдау тауып келе жатқанын көрсетті. Сенбіліктерге қатысқан еріктілер, жастар, қоғамдық ұйымдар мен белсенді тұрғындар қоршаған ортаны таза ұстау – әр азаматтың ортақ міндеті екенін нақты іспен дәлелдеді.
