Ата Заңдағы жаңғыру – ел болашағына жасалған таңдау

Ата Заңымыздың жаңартылған мәтіні Қазақстан дамуының жаңа философиясын айқындайды. Онда мемлекеттің негізгі тірегі ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация алдыңғы қатарға шығарылды. Бұл еліміздің болашағы табиғи ресурстарға емес, ең алдымен зияткерлік әлеуетке, азаматтардың білімі мен жетістіктеріне сүйенетінін көрсетеді.

Конституциялық өзгерістердің маңызды бағытының бірі – цифрландыру. Жаңа мәтінде азаматтардың құқықтарын цифрлық кеңістікте қорғау алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілді. Бұл – заманауи қоғамдағы қауіпсіздік пен құқықтық қорғанысты күшейтетін өзекті қадам.

Жаңартылған Конституция адам құқықтарын басты құндылық ретінде айқындайды. Адамның құқықтары мен бостандықтары бүкіл Конституцияның өзегі ретінде белгіленіп, мемлекеттік саясаттың негізгі бағдарын айқындап отыр. Бұл құқықтық мемлекетті нығайтуға бағытталған жүйелі шешім.

Сонымен қатар, дін мен мемлекеттің арақатынасы нақты айқындалып, білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты конституциялық тұрғыда бекітілді. Бұл қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Неке институтына қатысты норма ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде белгіленіп, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғауға және әйелдердің құқықтарын заңдық тұрғыда нығайтуға бағытталған.

Қоғамдық кеңес мүшесі ретінде бұл өзгерістерді әділетті, ашық әрі болашаққа бағытталған қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам деп бағалаймын. Жаңартылған Ата Заң – ортақ жауапкершілік пен саналы таңдаудың нәтижесі.

Біржан сал ауданы Қоғамдық кеңес мүшесі
М. Аяғанова

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вам также может понравиться