Ақмола облысы – еліміздің өндіріс орталықтарының бірі. Мұнда жаңа кәсіпорындар да, талай жылдан бері қалыптасқан компаниялар да қатар дамып келеді. Биылғы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында басты назар – қарапайым еңбек адамында. Олар – станок басында, құрастыру желілерінде, зертханаларда күн сайын тер төгіп, экономиканың ілгерілеуіне үлес қосып жүрген жандар, деп хабарлайды облыстық ішкі саясат басқармасы.
28 қыркүйек – Еңбек күні. Бұл мереке – өз еңбегімен елдің болашағын қалыптастырып жүрген азаматтарға тағзым күні.
«Aviks Group»: адамдарға арқа сүйеген өндіріс
2013 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Aviks Group» зауыты бүгінде еліміздегі ірі кәсіпорындарға майлау материалдарын жеткізеді.
Кәсіпорын басшысы Максим Зайцевтің айтуынша, компанияның басты байлығы – адам:«Біз ең әуелі жұмысшыларға қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Еңбегі еленген әр қызметкердің өсуіне мүмкіндік бар. Қарапайым жұмысшыдан бастап, бүгінде жалақысы 600 мың теңгеден асатын операторға дейін жеткен мысалдарымыз аз емес».
Зертхана меңгерушісі Иван Петрожицкий де сөзін толықтырды:«Әр өнім сапасын басынан аяғына дейін қадағалаймыз. Жаңа майлау түрлерін жасап, тапсырыс берушілердің талабына сай бейімдейміз. Еңбегіңнің елге қажет екенін сезіну – үлкен мотивация».
«KazrostEngineering»: аграрийге сенімді тірек
KazrostEngineering зауытында қазақстандық диқандарға арналған тракторлар мен комбайндар құрастырылады.
Кәсіпорынның атқарушы директоры Андрей Антропов жас мамандардың көптеп келіп жатқанын айтады:«Жұмысқа келген әр жасқа тәлімгер бекітіледі. Цехта тәжірибе жинап, нағыз маман болып шығады. Ең бастысы – тұрақты еңбекақы, әлеуметтік қолдау, еңбектің қадірін сезіну».
Ал мұнда бір жылға жетпей жұмыс істеп жүрген құрастырушы Александр былай дейді:«Бұған дейін комбайнда 13 жыл еңбек еттім, сондықтан техниканы ішінен білемін. Қазір әр трактордың, әр комбайнның сапалы шығуына үлес қосып жүрмін. Еңбегің егіншіге тікелей көмегін тигізетінін білу – үлкен қуаныш».
Еңбек күні – әр азаматтың мейрамы
Ақмолалық жұмысшылардың осындай өмір жолы – елдің тірегі. Әр литр май, әр құрастырылған техника артында еңбекқор адамның қолтаңбасы бар.
Нағыз байлық – ел еңбегі.