Қазіргі таңда әлемде сыбайлас жемқорлықпен күрес алдыңғы орында. Ол қоғам дерті болып кетпес үшін алдын алу мақсатында және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, жүзеге асырылып жатыр. Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Әр ұрпақтың тағдырына жазылған заман ағымы, кезең тынысы болады. XXI ғасыр бүгінгі ұрпаққа бұйырған бақыт деп ойлаймыз.
Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы – білімді де білгір жастардың қолында. Елдің ертеңгі сенімі де жасөспірімнің мойнында. Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жас ұрпақ.
Осыған байланысты қыркүйек айының 23 жұлдызында Ішкі саясат бөлімінің Жастар ресурстық орталығы және «Jana urpaq STEP» жастар қоғамдық ұйымының ұйымдастыруымен «Адал ұрпақ» атты мектеп оқушылары арасындағы аудандық слет өткізілді.
Іс-шара сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында өтті. Слеттің мақсаты – адамгершілік құндылықтарды насихаттай отырып, азаматтық жауапкершілік пен белсенділікке тәрбиелеу.
Бұл байқау жас ұрпақтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруға және қоғамдағы әділдік, адалдық қағидаларын нығайтуға бағытталған. Байқаудың негізгі міндеттері: жастардың шығармашылық әлеуетін ашуға жағдай жасау; Қазақстан Республикасында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат туралы білімдерін кеңейту; сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелерін зерттеуге бағытталған қоғамдық белсенділікті ынталандыру; қоғамда жемқорлықпен күреске деген көзқарасты қалыптастыру және осы бағыттағы шараларға көпшіліктің назарын аудару.
Жиынға 5 мектептің белсенді оқушылары мен ұстаздары, сондай-ақ қоғам белсенділері мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Қатысушылар сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін зияны туралы пікірлерін ортаға салып, адалдық пен әділдік қағидаларының маңыздылығын талқылады.
Іс-шара барысында командалар өз жобаларын таныстырып, құқықтық білімдерін көрсетті. Слеттің қорытындысы бойынша қаламыздың №1 жалпы білім беретін мектебінің «Школа чести» командасы 1-орынға ие болды. «Школа чести» командасының жеңісі – бұл тек бір мектептің емес, бүкіл аудан жастарының адалдық пен әділдікке деген ұмтылысының жарқын көрінісі. Команда мүшелері өздерінің жобалары мен шығармашылық жұмыстарында қоғамдағы әділеттілік пен тазалықты сақтаудың маңызын көрсете білді. 2-орынды Абай атындағы №2 жалпы орта білім беретін мектеп иеленді. 3-орын Бұланды орта мектебінің қанжығасына тиді.
«Адал ұрпақ» слеті – жас ұрпақты әділеттілікке, адалдыққа тәрбиелейтін маңызды алаң. Мұндай іс-шаралар жас буынның бойында құқықтық сауаттылықты арттырып қана қоймай, олардың бойына жауапкершілік, елжандылық, әділдік сынды асыл қасиеттерді сіңіреді. Бұл – жемқорлықсыз болашаққа ұмтылған еліміздің жарқын келешегіне жасалған сенімді қадам.
Дина АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ.