Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының негізі. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын басты назарда ұстауды міндеттеген болатын. Сондықтан да саланы өркендету үшін субсидиялау арқылы жаңарту жұмыстары аса қажет болып табылады. Бүгінгі күні аудан, ауыл адамдары ауыл шаруашылығы саласында тынбай еңбек етіп, күнкөріс қамына, одан кейін елімізде бәсекеге қабілетті экономиканы құру бағытында өсім көрсетіп келеді. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласымен көркейіп отырмыз десек те артық емес. Бүгінгі күні ауданымызда ауыл шаруашылық дақылдарын жинау жұмыстары жүріп жатыр.
Күз мезгілі – шаруалардың күнделікті нанының қайнар көзі болып отырған қажырлы еңбегін есепке алатын уақыт. Қазіргі кезде егін шаруашылығымен айналысу оңай болмағанымен, егін егіп, одан өнім жинауды игерген шаруа мамандары бар.
Биыл ауа-райының қолайсыздығынан егіс жұмыстары қиындады. Топырақтың баяу жылынуы және мамырдағы нормадан тыс жауын-шашын (әдеттегі 30,1 мм орнына 81 мм) егіс науқанын баяулатты.
Диқандар ауа райының қолайлы сәттерін ұтымды пайдаланып қалуға асығуда. Аудандағы іргелі Тасшалқар ауылындағы шаруашылықтардың бірі – «ҚазГер Құс» ЖШС диқандары тәулік бойы жұмыс істеп, егін орағы науқанын ерте аяқтауды жоспарлап отыр. Серіктестік бас аграномы Асхат Әмірханов егін орағы жұмыстары тәулік бойы жүргізілетінін, түскен астық элеваторларға жетікізілетінін атап өтті.
Жаппай егін жинау жұмыстарының басталуына байланысты ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер барлық қажетті техниканы дайындады.
2007 жылдан бері ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның ішінде ауыл шаруашылық саласының дамуына сүбелі үлес қосып отырған «Баймырза Агро» ЖШС-нің шаруашылық мамандары әр астықты ысырапсыз жинау үшін күндізгі сағаттың әр минутын тиімді пайдалануға тырысуда. Бүгінгі күні серіктестік 14 мыңнан астам егістік алқаптарында жұмыстар жүргізді.
Серіктестікте 100-ге жуық азаматтар жұмыспен қамтылған.
Кеңащы ауылының тынысына және дамуына тың серпін берген жаңадан келген «Алтын бидай NS» ЖШС-де орақ науқанына қызу жүруде. Осыдан екі жыл бұрын аталмыш серіктестік ауыл аумағында 15 жылға жуық игерілмеген жерлерді алып, жерге жаңа тыныс беріп, егін егіп қызметтерін жүргізуде.
Ауа райының тұрақтануымен ауданымыздың диқаншылары дәнді дақылдарды ору науқанына қызу кірісті. Биылғы жылы ауданымызда егістік жұмыстары 133,9 мың га егістік алқаптарында жүргізілді. Оның 112,7 мың га бидай өнімдері егілді. Диқаншылардың айтуы бойынша биылғы жылы жауын шашынның жии жауына байланысты егістік түрлі ауруларға шалдығып, дегенмен қазіргі заманауи технологияларды пайдалана отырып, астық құтқарылды. Орақ науқанына әртүрлі тракторлардың 76, комбайындардың 259, оның ішінде жоғары өнімді 203 бірлігі қатысуда. Жалпы биыл 1 гектар алқаптан орташа есеппен диқаншылар 15 центнер бидай алып отыр.
Ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше 19 қыркүйектегі ауданы бойынша жағдай, дәнді дақылдар 52 300 га шабылды, бұл 39,1% құрайды, 78450 тонна астық бастырылды. Майлы дақылдарға келетін болсақ, егін жинау 5620 гектарға жоспарланған болатын. Бірақ әлі күнбағыс – 40 га аумақтан, сондай-ақ рапс 85 га аумақтан жиналды.
Бүгінгі таңда ауданда жемдік дақылдарды жинауға кірісіп, сүрлемдегі жүгері 100 гектар алқаптан жиналды, жоспар бойынша 417 га. Фермерлер картоп жинауға кірісіп, тапсырма бойынша 44 га болса, оның 13 гектардан картоп жиналды. Көкөніс дақылдарына келетін болсақ, оларды жинау толық көлемде аяқталды.
Ала жаз бойы агрономдар мен шаруалар таңнан кешке дейін тоқтаусыз еңбек етті. Енді бірер аптадан кейін қырман басындағы қызу тірлік түйінделіп, диқандар өнімдерін түгел жинап алады. Алты ай төккен тердің жемісін көретін күн де алыс емес. Ерте көктемнен басталған тіршілік, ала жаздай еткен еңбектің басы күзге дейін тіреліп, айға жуық егінші қауым қарекет етуде. Тынымсыз жасалған жұмыстың берекелі болуы – үлкен қуаныш.
«Агро Кудк Агаш» ЖШС, «Баймырза Агро» ЖШС, «Береке Агро 2030» ЖШС, «КазГер» ЖШС, «Аружан 2017» ЖШС және тағы басқа шаруашылық мамандары қолайлы ауа райының арқасында әр астықты ысырапсыз жинау үшін күндізгі сағаттың әр минутын тиімді пайдаланып жатыр.
Қаржылық қамтамасыз ету мәселесіне келсек, Ауыл шаруашылығы министрлігі көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікті несиелеу көлемін айтарлықтай арттырды.
Қуаныш НУРКУШЕВА.