Президент Жолдауы – Әділетті әрі өркендеген Қазақстанның стратегиялық бағдары

    2026 жылғы 28 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысының бұл Жолдауы еліміздің алдағы даму бағыттарын айқындап, саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды одан әрі жүзеге асыруға негіз болатын маңызды стратегиялық құжат болып табылады.

Президент өз сөзінде Қазақстанның қазіргі күрделі кезеңде жаңа даму дәуіріне нық қадам басқанын атап өтті. Бүгінде еліміздің алдында ауқымды міндеттер тұр. Оларды жүзеге асыру үшін мемлекет пен қоғамның бірлігі, жауапкершілік және жүйелі жұмыс қажет.

Жолдаудағы басты бағыттардың бірі – елдегі инфрақұрылымды дамыту. Мемлекет басшысы азаматтардың қажетті әлеуметтік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілуі өмір сапасын арттырудың негізгі шарты екенін атап өтті.

    «Қазақстан бір үлкен құрылыс алаңына айналуы керек», – деген Президент сөзі еліміздің барлық өңірінде ауқымды құрылыс және жаңғырту жұмыстары жүргізілуі қажеттігін көрсетеді. Бұл бастама қалалармен қатар ауылдық елді мекендердің де дамуына тың серпін бермек.

 Мемлекет басшысы ұлттық экономиканы нығайтуға да ерекше назар аударды. Өнеркәсіпті жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу, еңбек өнімділігін арттыру, инвестиция тарту және кәсіпкерлікті қолдау – ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы маңызды міндеттер.

  Әсіресе, аграрлық саланы дамыту мәселесінің маңызы зор. Қазақстан – ауыл шаруашылығы саласында әлеуеті жоғары мемлекет. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру, заманауи технологияларды енгізу, жер мен су ресурстарын тиімді пайдалану және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту басты басымдықтардың бірі болуы тиіс.

   Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының маңызды тіректерінің бірі. Бұл саладағы өндірісті жаңғырту, жаңа кәсіпорындар ашу және отандық өнімнің сапасын арттыру ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірлердің экономикалық әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді.

  Сонымен қатар Президент шағын және орта бизнесті қолдау, инвестициялық ахуалды жақсарту және кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау мәселелеріне тоқталды. Кәсіпкерліктің дамуы – экономикалық өсудің, жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен халық табысының артуының маңызды факторы.

 Жолдауда цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу мәселелері де ерекше орын алды. Digital Qazaqstan стратегиясын жүзеге асыру, цифрлық экономиканы қалыптастыру және заманауи технологияларды барлық салаға енгізу еліміздің технологиялық дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.

  Бұдан бөлек, Қазақстанның көлік-логистикалық және энергетикалық әлеуетін нығайту, көлік инфрақұрылымын жаңғырту, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері де маңызды міндеттер ретінде белгіленді.

  Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, білім беру мен ағарту жүйесін жаңғырту, әлеуметтік қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыру қажеттігін де атап өтті. Әрбір азаматтың сапалы білім алып, еңбек етуіне және өз қабілетін жүзеге асыруына мүмкіндік жасау – мемлекет саясатының басты мақсаты.

   Сонымен бірге инфляцияны тежеу, қаржы, бюджет және салық саясатын жетілдіру мәселелері де назардан тыс қалмады. Бұл бағыттағы жұмыстар экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.

 Жолдаудың маңызды бағыттарының бірі – қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру. Заңға құрметпен қарау, әділдік пен жауапкершілікті сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау – өркениетті қоғамның негізгі құндылықтары.

  Жалпы алғанда, Президент Жолдауы еліміздің болашақ даму бағытын айқындайтын маңызды құжат. Онда белгіленген міндеттер Қазақстанды технологиялық тұрғыдан дамыған, экономикасы қуатты, инфрақұрылымы заманауи және азаматтарының өмір сүру деңгейі жоғары мемлекетке айналдыруды көздейді.

 Мемлекет басшысы болашақ ұрпаққа сапалы, дамыған әрі бәсекеге қабілетті ел қалдырудың тарихи жауапкершілігін ерекше атап өтті. Бұл – баршамызға ортақ міндет. Елдің дамуы тек мемлекеттік органдардың жұмысына ғана емес, әрбір азаматтың адал еңбегі мен жауапкершілігіне де байланысты.

  Менің ойымша, Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыруда жастардың рөлі ерекше. Өйткені жастар – еліміздің болашағы, қоғамның қозғаушы күші және мемлекетіміздің басты байлығы. Бүгінгі жас ұрпаққа сапалы білім алуға, заманауи технологияларды меңгеруге, кәсіпкерлікпен айналысуға және кәсіби тұрғыдан дамуға мол мүмкіндік беріліп отыр. Сондықтан жастар білімге құштар, еңбекқор, белсенді әрі отансүйгіш болуы керек деп есептеймін. Қазақстанның ертеңі бүгінгі жастардың біліміне, тәрбиесіне, жауапкершілігі мен табандылығына байланысты.

  Жастарға қолдау көрсетіп, олардың қабілетін дамытуға жағдай жасау – жарқын болашаққа салынған инвестиция. Біз білімді, саналы және еңбекқор жастардың арқасында қуатты, әділетті әрі өркендеген Қазақстанды бірге қалыптастырамыз!

Құсаинова  Диана Қайратқызы  — Сандықтау ауданының жастар ісі жөніндегі жастар ресурстық орталығының белсендісі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вам также может понравиться