15 наурызда өтетін республикалық референдумды дайындау және өткізу мәселелеріне арналған оқыту семинары өтті

Жуырда аудандық Мәдениет үйінде облыстық референдум комиссиясы өкілдерінің қатысуымен 15 наурызда өтетін республикалық референдумды дайындау және өткізу мәселелеріне арналған оқыту семинары өтті.

Семинар жұмысына Ақмола облыстық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Николай Афанасьевич Политкин және облыстық референдум комиссиясының мүшесі Алма Болатқызы Бекентаева қатысты.

«Республикалық референдумды дайындау мен өткізудің негізгі кезеңдері. Республикалық референдумды қаржыландыруды ұйымдастыру», сондай-ақ «Дауыс беруге арналған тізімдермен жұмыс туралы» баяндамалармен Николай Афанасьевич жан-жақты таныстырды. Ол өз сөзін референдумдардың тарихынан бастап, референдумды дайындау мен өткізудің негізгі кезеңдері, облыстық комиссияның құрамы, референдум күні дауыс беру тәртібі, нормативтік-құқықтық негіздер, республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізуге арналған негізгі шығын бағыттары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың сайлаушылар тізімін қалыптастыру және нақтылау жұмыстары туралы баяндады.

Алма Болатқызы «Республикалық референдум алдындағы үгіт-насихат жұмыстары, республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізудегі жариялылық. Республикалық референдумды бақылау туралы», сондай-ақ «Республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізу кезіндегі құқықтық мәселелер» тақырыптарында баяндама жасады. Өз сөзінде ол үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу тәртібі туралы кеңінен айтып, заңдылық пен теңдік қағидаларын сақтау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар референдумның ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылып, бұл азаматтардың оның нәтижелеріне деген сенімін арттыратын маңызды шарт екені айтылды.

Баяндамашы қоғамдық бақылаушылардың қызметіне де тоқталып, референдум күні олардың құқықтары мен міндеттерін, дауыс беру учаскелерінде болу тәртібін және комиссия мүшелерімен өзара іс-қимыл жасау жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарының қызметіне тоқталып, халықты референдумға дайындық және оны өткізу барысы туралы хабардар етудегі маңызды рөлін атап өтті.

Аудан бойынша референдумға дайындық барысы туралы Біржан сал ауданы референдум комиссиясының төрағасы Серік Жанатұлы Шәуенов баяндады. Ол жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстарына, атқарылған іс-шараларға және қосымша пысықтауды қажет ететін мәселелерге кеңінен тоқталды.

Ал «Республикалық референдум құжаттарының нысандары туралы» тақырыбында Біржан сал ауданы референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Қуат Қажыбайұлы Ақышев сөз сөйлеп, құжаттарды рәсімдеу тәртібі мен ресми құжат нысандарымен жұмыс істеу ерекшеліктерін түсіндірді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вам также может понравиться